Orda.kz-тің бас редакторы Гүлнара Бажкеноваға сот үкімі шықты

Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнара Бажкенова сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза өтеу екі жылға кейінге қалдырылды. Бұл туралы Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты хабарлады.
Бажкенова сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, заңсыз кәсіпкерлік және көрінеу жалған ақпарат тарату ісі бойынша айыпты деп танылды.
Үш бап бойынша айыптау
Сот мәліметінше, 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың желтоқсанына дейін ЖШС басшысы бола отырып, ол компания шоттарынан 88,1 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған. Ақша жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтерге төлем жасау түрінде бақылаудағы Жеке кәсіпкер шотына аударылып отырған. Мұнымен қоса, компания есебінен оның ұлының жеке халықаралық мектептегі оқуы төленген.
Сот анықтағандай, Бажкенова Алматыдағы пәтерлерді сатып алу және сатудан тағы 121,2 млн теңге алған. Бұл ретте ол кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмеген және түскен табыстан салық төленбеген.
Істе, сондай-ақ, 2024–2025 жылдары көрінеу жалған ақпарат таратудың сегіз эпизоды бар. Сот релизіне сәйкес, ақпараттық-сараптамалық порталдың бас редакторы лауазымын атқара отырып, Бажкенова алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында әрекет еткен. Ақпарат интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы таратылып, соттың бағалауынша, азаматтарға, ұйымдарға және мемлекетке айтарлықтай зиян келтірген.
Сот не шешті
«Сот үкімімен Б. айыпты деп танылып, БАҚ, журналистика, блогинг, көпшілік іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызмет саласындағы қызметпен айналысу, сондай-ақ БАҚ-пен байланысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 5 жылға айырыла отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген сот хабарламасында.
Негізгі жазадан бөлек, Бажкеновадан 95,9 млн теңге материалдық шығын, 2,8 млн теңге мемлекеттік баж және зардап шеккен тараптың заңми көмек шығындары мен процестік шығындары үшін 6,8 млн теңге өндірілген.
Тағайындалған мерзімді Бажкенова бірден өтемейді. Сот оның 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігін қолданып, жазаның орындалуын екі жылға кейінге қалдырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін 2025 жылдың желтоқсанында тергеу соты ORDA бас редакторы Гүлнар Бажкенованы екі айға үй қамағына алуды санкциялаған. Сол күні басылым редакциясында және журналистің пәтерінде тінту жүргізілді. Алматы полициясы көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.