«Қайрат» Чемпиондар лигасында 35 млн долларға жуық табыс тапты

Алматылық «Қайрат» клубы 2025/26 жылғы маусымда өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне қатысты. Команда бұл кезеңге жету үшін іріктеудің төрт сатысынан сәтті өтті, деп жазады Kursiv.Media.
Турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алғаны үшін «Қайрат» қомақты көлемде жүлделік бонусқа ие болды. Осылайша, алматылық клуб еурокубоктағы тарихи жетістігін қаржылай сыйақымен де толықтырды.
УЕФА тарапынан маусым қорытындысы бойынша тиесілі барлық төлемдер есептеліп, клубтың ресми есепшотына түсті.
Негізгі кезеңге жолдама алғаны үшін УЕФА белгілеген 18,62 миллион еуро (шамамен 11,2 миллиард теңге). «Пафоспен» өз алаңында тең түскені (0:0) үшін берілген 700 мың еуро. Бұдан бөлек, трансляциялық құқықтардан түскен үлес, рейтингтік коэффицент және он жылдық еурокубоктық көрсеткіштерге негізделген төлемдер бар. Осылайша, басты турнирлік бонустарға телерадиохабар тарату үлесі, маркетингтік төлемдер және билеттер мен атрибутика сатудан түскен жанама табыстар қосылып, клубтың жалпы түсімі 35 млн долларға жуықтады.
Сондай-ақ, УЕФА Қазақстанның 13 футбол клубына 596 мың еуродан төледі.