Жезқазған қаласында 6 мың адамға футбол стадионы салынады

Жезқазғанда шағын футбол стадионы мен заманауи теннис орталығы салынады. Ұлытау облысы әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясы қаланың спорт инфрақұрылымын дамыту туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Kursiv.Media мыс өндіруші компания таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлайды.
Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен «Қазақмыс корпорациясы» Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойған. Құжат жабық стадион мен теннис орталығын салуды көздейді.
«Жезқазған қаласында жаңа теннис орталығы мен 6 мың көрерменге арналған стадион салуды жоспарлау жөніндегі меморандумға қол қойдық. Нысандар қала тұрғындарына, әсіресе балалар мен жастарға спортпен тұрақты айналысуға жаңа мүмкіндіктер береді», – дейді өңір әкімі.
Мәліметтерге қарағанда, шағын стадионды 2027-2028 жылдары салу жоспарланған. Жаңа нысанда жергілікті футбол командалары мен спорт мектептері жаттығып, матч өткізеді. Стадионда облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады.
Ал теннис орталығының құрылысы 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Онда жабық және ашық теннис корттары, әкімшілік-тұрмыстық кешен, жаттығу залдары орналасады.
Орталық Жезқазғанда балалар мен жастар арасында теннисті дамытуға арналған заманауи базаға айналып, тұрақты жаттығу өткізуге және жарыс ұйымдастыруға жағдай жасайды.
Екі жобаны жүзеге асыруға мыс өндіретін корпорацияның қанша қаражат бөлетіні әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Жезқазған қаласында 6 мың адамға шақталған «Металлург» стадионы бар. Кешен 1965 жылы салынған.