Банк картасын 10 мың теңгеге сатып, қылмыскер атанды

Қостанайда банк картасын 10 мың теңгеге сатып жіберген тұрғын қылмыстық жауапқа тартылды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны оңай ақша таппақ болып, өз банктік шотын 10 мың теңгеге алаяқтарға сатқан. Нәтижесінде оның шоты арқылы қылмыстық ақша айналымға түсіп, азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы (4-бөлігі) бойынша айыпты деп танып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Енді осы уақыт ішінде пробациялық бақылауда болады. Көпшілікке сабақ болсын деген мақсатта аудан прокуратурасы сот процесін жергілікті тұрғындардың қатысуымен ашық өткізді.
Ақша үшін банктік картасын, шотын немесе СМС-кодтарын алаяқтарға беріп, заңсыз ақшаны аударуға көмектесетін адамдарды дроппер деп атайды деп ескертеді прокуратурадан.
2025 жылғы қыркүйектен бастап дропперлік қылмыс саналады. Өзінің есепшоты мен банк картасын бөтен адамға берген адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жастар алаяққа банк карталарын сатып жүрген