«Баян сұлу» компаниясы 20 млрд теңгеге Қостанайда жаңа фабриканы іске қосты

«Баян Сұлу» АҚ Қостанайда құны 20 млрд болатын фабрика жұмысын бастады. «Кондитерлік елорда» атты технологиялық кешені осы өңірдегі ең ірі инвестициялық жобаның бірі болмақ. Бұл туралы Kursiv.Media облыстық әкімдік ақпаратына сүйеніп деп хабарлайды.
Қосымша өндірістік желілерді орнату жоспарын есепке алғанда, жобаға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 14,6 миллиардтан 20 млрд теңгеге дейін өседі. Жаңа нысан кәсіпорынға тәтті тағамдар өндірісін жылына 16,6 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Ал кешен толық қуатына шыққанда, фабриканың жылдық жалпы өнім көлемі 68 мың тоннаға жетпек.
Жобаның басты мақсаты – отандық шикізаттан бисквит пен печенье шығарып, импортты алмастыру. Сондай-ақ жаңа өндіріс орыны 260 маманды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, шетелге өнім экспорттаудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Аталған фабриканы салу үшін «Баян Сұлу» АҚ 2024 жылы Қазақстанның Даму банкінен 6 млрд теңге көлемінде несиелік желі ашқан еді. Сол кезде аталған қаржы зауыт жабдығына жұмсалатынын мәлімдеген.
«Баян сұлу» АҚ-ның негізгі акционері – «KazFoodProducts» ЖШС (85,06%). Ал түпкілікті бақылау Ерлан Баймұратовтың иелігінде, ол Forbes Kazakhstan ең бай бизнесмендері рейтингінде №68 орын иеленеді.