Қазақстан тауларында табылған альпинист 19 жыл бұрын жоғалып кеткен

Алматы облысының тауларындағы Северцев мұздығынан 19 тамызда альпинистің денесі түсірілді. Марқұмның рюкзагын 19 жыл бұрын жоғалған альпинистің қызы таныды, деп хабарлайды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ақпаратты Facebook желісінде Алматы тұрғыны Анастасия Ахметова жазды. Ол беларусьтік туристердің таудан адам денесін қалай тауып алғаны туралы бұған дейін тараған ақпараттың мән-жайын толықтырды.
Желідегі пікірлерде қолданушылар суреттегі жабдықтарға қарап, марқұмның кім екенін анықтауға болады деген болжам жасаған еді.
«Мұндай ауыр металл қаңқасы бар рюкзактар 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында кеңінен қолданылған. Бұл марқұм денесінің тауда 20 жылға жуық жатқанын білдіреді», – деп жазды желі қолданушылары.
Арада бірнеше сағат өткен соң жазба авторымен жоғалған альпинистің қызы Нелля Михеева хабарласқан.
«19 жылдан кейін әкемнің сүйегі табылды. Таңертең құрбым біздікіне қатты ұқсайтын рюкзактың фотосы бар постты жіберді. Кейінірек дәл осы жазбаны күйеуім де жіберді. Мен ТЖМ-мен хабарластым, маған денені төменге түсірген құтқарушы мен тергеушінің телефонын берді. Тергеуші барлық фотосурет пен құжатты жіберуді өтінді. Кейін қайта қоңырау шалып, рюкзактың ішінен әкемнің атына жазылған куәлік табылғанын айтты», – деп бөлісті бойжеткен Instagram желісінде.
Ол марқұмның денесін көріп, өтіп кете алмаған туристерге, ақпаратты таратқан блогерлер мен БАҚ өкілдеріне, сондай-ақ құтқарушылар мен полицейлерге шын жүректен алғыс айтты.