Екібастұзда синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жойылды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: shutterstock.

Павлодар облысының Екібастұз қаласында синтетикалық есірткі өндіретін зертхана анықталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.  

Polisia.kz хабарлауынша, жергілікті тұрғындар – ағайынды екі азамат ұсталды.

«Олар тұрғын үйдің ауласында тыйым салынған заттарды синтездеуге жабдықталған гаражда «синтетиканы» ірі көлемде өндіруді жолға қойған. Тінту барысында 10 келіден астам «альфа-PVP» психотроптық заты, 860 литр химиялық сұйықтық, оның ішінде 300 литрлік реактор-сыйымдылық, зертханалық ыдыстар, таразылар және жеке қорғаныс құралдары тәркіленді», – делінген полиция ақпаратында.

Күдіктілердің әрекеттерін Signal мессенджеріндегі куратор үйлестіріп отырғаны анықталды. Ол есірткі өндірудің бүкіл циклін бақылап, оларға прекурсорлар салынған жасырын орындарды қалдырып отырған. Есірткі өндірісін ұйымдастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Енді ұйымдастырушыларға тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаң жазалау шарасы тағайындалуы мүмкін.

Айта кететін жайт, Алматы полицейлері ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетімен бірлесіп, жасырын зертхананың жұмысын тоқтатқан еді.  

Сондай-ақ оқыңыз