Бибісара Асаубаева АҚШ-тағы ірі турнирде 35 мың доллар сыйақы алады

Қазақ шахматшысы Бибісара Асаубаева Сент-Луисте (АҚШ) өткен Cairns Cup супертурнирінде үшінші орын алды. Қола жүлде үшін 35 мың доллар сыйақы беріледі.
Әлемнің он мықты шахматшысы қатысқан турнирде Асаубаева 5 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады. Соңғы тоғызыншы турда ол Хампи Конерумен (Үндістан) тең түсті.
Тоғыз турда 6,5 ұпай жинаған Тань Чжунъи (Қытай) жарыс жеңімпазы атанды. Күміс жүлде 6 ұпай алған Элис Лиге (АҚШ) бұйырды.
Асаубаева Сент-Луистегі жетістігі үшін 35 мың доллар сыйақы алады. Жеңімпазға 65 мың доллар төленеді.
«Турнир аяқталды. Үшінші орын. Жаман нәтиже емес», – деп сипаттады Бибісара АҚШ-тағы жетістігін.
Асаубаеваның жақын досы Жавохир Синдаров та Сент-Луисте жүр. Ол Sinquefield Cup турниріне қатысып, үшінші орын алды.

Енді Бибісара мен Жавохир 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына дайындалады. Ірі жарыс 15–27 қыркүйек аралығында Самарқанд (Өзбекстан) қаласында өтеді.