Үміт атты жолбарыс үйлерге жақындаса, Балқаш тұрғындарына SMS-хабарлама жіберіледі

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Жолбарыс үйлерге жақындаса, қазақстандықтарға SMS-хабарлама жіберіледі
фото: Экология министрлігі

«Іле-Балқаш» резерватына жіберілген Үміт атты жолбарыс елдімекендерге жақындаған жағдайда тұрғындарға арнайы ескерту хабарламалары жіберіледі, деп жазады Kursiv.Media.

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты бөлімінің бастығы Нариман Қасабековтың айтуынша, резерват аумағы толығымен қоршалған, ал ең жақын тұрғын үйлер 65 шақырым қашықтықта орналасқан. Жыртқыштың қозғалысы GPS пен фототұзақтардың көмегімен тәулік бойы бақылауда болады.

«Еркіндікке шығарар алдында біз оған спутниктік GPS тақтық. Соның және фототұзақтардың арқасында жолбарыстың барлық қозғалысын тәулік бойы бақылап отырмыз. Ол жаңа аумаққа толығымен бейімделіп, жергілікті жануарларды аулап жүр. Бұл аймақта үй жануарлары жоқ, өйткені маңайда үйлер мен фермалар орналаспаған», – деді ол.

Қазақстанда Тұран жолбарыстарының түрі жойылып кеткелі шамамен 70 жылдай уақыт өткен еді. Олардың популяциясын қалпына келтіру үшін Ресейдің Хабаровск өлкесінен генетикалық жағынан ең жақын Амур жолбарысы ұсталып, Қазақстанға әкелінді.

«Қазақстанда тарихи тұрғыдан әрқашан жолбарыстар болған. Біздің табиғатымыз оларға толығымен сай келеді. Сондықтан олар мұнда оңай бейімделеді. Тек бұрын бізде Тұран жолбарысы болған, ал қазір бізге амурлық жолбарысты әкеліп отыр. Тұран жолбарысы физикалық күші жағынан бірнеше есе ірі әрі мықты еді. Сондықтан ата-бабаларымыз Тұран жолбарысымен қатар өмір сүргендіктен, амурлықтардан қорықудың қажеті жоқ», – деп атап өтті тарихшы Дәулет Әбенов.

Қорық бақылаудың жасыл, сары және қызыл аймақтарына бөлінген. Аң қауіпсіз аймақтан тыс шыққан жағдайда алдын алу үшін арнайы топ жұмылдырылады.

Айта кетерлігі, жыртқышты еркіндікке жіберу әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп келеді. Мәселен, халықтың бір бөлігі Балқашқа барудан қауіптеніп, малдың қауіпсіздігі үшін алаңдап отыр.

Қазіргі уақытта өңір тұрғындарына қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп жатыр, ал аң малға шабуыл жасаған жағдайда билік өтемақы төлеуді қарастырған.

Үміт атты жолбарыс 3 тамызда «Іле-Балқаш» резерватында табиғатқа жіберілген еді. Бүгінде ол табиғи ортадағы өмірге бейімделіп жүр. Мамандар оның қозғалысын, белсенділігін және мінез-құлқын бірден бірнеше бағыт бойынша бақылап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз