Өзбекстан тағы бір АЭС салады – Мирзиёев құпияны ашты

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Ташкент екі АЭС тұрғызады / фото: shutterstock

Өзбекстан ел аумағында екінші Атом электр станциясы (АЭС) құрылысына дайындалып жатыр. Өзбек президенті Шавкат Мирзиёев осылай деп мәлімдеді.

Ташкент тағы бір атом электр станциясын тұрғызуға «үлкен дайындық» жүргізіп жатқаны мемлекет басшысының сөзінен мәлім болды. Президент 17 тамызда Хорезм облысына сапарында сөйлеген.

«Бүгін сіздерге құпия мәліметті ашқым келеді: жақында біз екінші станция бойынша үлкен дайындықты бастап кеттік», – деген Мирзиёев. Оның айтқандарын gazeta.uz таратты.

Әзірге екінші АЭС қай жерде салынатыны, оның құрылысын кім жүргізетіні белгісіз. Станцияның қашан жүзеге асатыны мен қуаты туралы да мәлімет жоқ.

Президент ауқымды инвестиция тартып, ірі жобаларды жүзеге асыру үшін өндірісті электр қуатымен қамтамасыз ету қажет деп есептейді.

Өзбекстанда алғашқы АЭС құрылысы Жизақ облысының Фариш ауданында жүріп жатыр. Атом станциясының алғашқы реакторы 2029 жылдың күзінде іске қосылады. Жоба 2035 жылға қарай толық аяқталуы тиіс. Сол кезде оның бір жылдық қуаты 17 млрд кВт⋅с-қа дейін жетуі тиіс. Алғашқы өзбек АЭС-ін «Росатом» салып береді.

«Өзатом» дерегінше, Жизақтағы АЭС құрылысы аяқталған соң, станцияда екі мыңға жуық маман жұмыс істейді. Өзбек билігі жұмысшылар үшін 10 мың адамға арналған қалашық салуды көздеп отыр.

Айта кетейік, Қазақстан төрт АЭС тұрғызуды жоспарлап отыр. Алғашқысы – «Балқаш» Алматы облысының Үлкен ауылында салынады. Құрылыс 2027 жылы басталуы тиіс. «Мойынқұм» деп аталатын екінші АЭС те Балқаш көлі маңында салынады. Жобаны Қытай жүзеге асыруы тиіс. Үшінші және төртінші атом станциялары қайда орналасатыны әзірге белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз