ШҚО-да сел жүру қаупі жарияланды

Шығыс Қазақстан облысында 21 тамызға қараған түні қатты жаңбыр болжанып отыр. Алтай таулы аймақтарында сел жүру қаупі бар.
YK-news.kz хабарлауынша, «Қазгидромет» Шығыс Қазақстан облыстық филиалы осындай болжам жасап отыр.
Қолайсыз ауа райына байланысты өңір тұрғындары мен туристерге таулы аймақтар мен туристік бағыттарға барудан бас тартуға шақырды.
Сондай-ақ қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Атап айтқанда, өзен арналарының, тау өзендері мен жылғаларының, сайлар мен шатқалдардың маңынан аулақ болу керек. Шатырларды ойпаң жерлерге және су ағатын арналарға жақын тігуге болмайды. Көлікті де мұндай жерлерде қалдырмаған жөн.
Селдің алғашқы белгілері байқалған жағдайда қауіпті аймақтан дереу шығып, биік жерге көтерілу ләзім.
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.
Айта кететін жайт, Алматы облысында 4 шілдеде Түрген, Ақсай, Ұзынқарғалы және Талғар өзендерінің деңгейі көтерілген еді.