Мөлдір Мұқанова тұрмыстық зорлық құрбандарына ән арнады (видео)

Продюссер Мөлдір Мұқанова тұрмыстық зорлық құрбандарына арнап «Солған гүл» атты ән шығарды. Ол әннің шығуын қоғамдағы зорлық оқиғалары жиілеген кезде елге арнаған жұбанышым болсын деп түсіндірді.
«Менің бұл жазбам – біреудің өмірінен хайп табу немесе біреудің өліміне айып тағу емес. Мен жылағанда ел жұбатты, ел жылағанда мен жұбатпаймын ба?», – деп жазған Мұқанова парақшасына.
Әннің сөзі мен әнін жазған – Ерболат Қарақойшы, орындаған – Мөлдір Мұқанова. Видеода күйеуінің қолынан қайтыс болған Салтанат Нүкенова, Мадина Рашидова, алып қашудың құрбаны болған Нұрай Серікбайдың бейнелері бар.
«Қиянат көрдің бе қабырғаңнан
Мезгілсіз сөндің бе жаңылғаннан
«Жаным» деп жүргендер жаныңды алған», – деген жолдары бар.
Мұқанованың бұл тақырыпқа ән арнауы бекер емес. Тұрмыстық зорлық – қоғамда жиі талқыланып жатқан, ең басты проблеманың бірі. Жақында ғана танысқан жігіті алып қашып, соңында пышақтап өлтірген Нұрай Серікбайдың ісіне нүкте қойылған еді. Іле-шала «Барни» шоколады үшін күйеуінен соққы жеген Мадина Рашидованың ісі қоғам назарын аударды. Күйеуі мен енесі Мадина асылып өлді дегенмен, туыстары оны қасақана өлтірді деп сенбей отыр.