BAIC Қазақстанға қайта оралды: 7 модельдің бағасы белгілі болды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

BAIC бренді Қазақстандағы сатылымын қайта жандандырады. Компания елімізде ресми түрде 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Қытай көліктерінің мәліметінше, бұған дейін брендтің ресми өкілі Sinomost арқылы BAIC BJ40, BJ60 жол талғамайтын көліктері, X7 және BJ80 кроссоверлері, сондай-ақ EU5 электр седаны сатылған.

Енді BAIC көліктерін Қазақстанда Allur холдингі дистрибуциялайды. Жаңа модельдер тізімі мен бағалары брендтің ашылған сайтында жарияланды.

BAIC U5 Plus

Қазақстанда модель екі жинақтамамен ұсынылады: 9,49 млн және 11,29 млн теңге.

Седанның ұзындығы – 4660 мм, ені – 1820 мм, биіктігі – 1480 мм. 1,5 литрлік атмосфералық қозғалтқышы 113 а.к. береді және вариатормен жұмыс істейді. Жетек – алдыңғы.

Базалық Luxury нұсқасында кілтсіз кіру, қозғалтқышты қашықтан іске қосу, төрт қауіпсіздік жастығы, артқы камера, толық электрпакет және былғары орындықтар бар. Honor жинақтамасында LED фаралар, 360° шолу камерасы, рөл мен алдыңғы әйнекті жылыту және тағы басқа жабдықтар қосылады.

BAIC X35

X35 – брендтің Қазақстандағы ең ықшам кроссовері. Бағасы 10,19 млн және 12,09 млн теңге болатын екі жинақтама ұсынылады.

Көлемдері: 4325×1830×1640 мм, доңғалақ базасы – 2570 мм. Салон дизайны салыстырмалы түрде қарапайым, аналогты аспаптар мен шағын мультимедиа экраны қолданылған.

Көлік 1,5 литрлік турбоқозғалтқышпен жабдықталған, қуаты – 150 а.к. Ол вариатормен және алдыңғы жетекпен жұмыс істейді. Жоғары Luxury нұсқасында панорамалық шатыр, орындықтардың электр реттелуі, әйнекті жылыту және қозғалтқышты қашықтан іске қосу бар.

BAIC X55

X55 – брендтің орта көлемді кроссовері. Қазақстанда оның бағасы 11,39 млн, 11,99 млн және 14,19 млн теңге болатын үш жинақтамасы бар.

Өлшемдері – 4620×1886×1680 мм, доңғалақ базасы – 2735 мм. Интерьері заманауи. Негізгі функциялар сенсорлық экран арқылы басқарылады, ал жүргізуші алдында виртуалды аспаптар панелі орналасқан.

Көлік 1,5 литрлік турбомотормен жабдықталған. Қуаты – 188 а.к., беріліс қорабы – 7 сатылы робот, жетек – алдыңғы.

Жоғары Premium нұсқасында автотұрақ жүйесі, 360° камера, ADAS жүргізуші көмекшілері, орындықтарды жылыту және желдету, жад функциясы мен сымсыз қуаттау қарастырылған.

BAIC X7

Қазақстанда X7 атауымен ұсынылатын модель басқа нарықтарда X75 деп аталады. Үш жинақтаманың бағасы 12,99 млн, 13,79 млн және 16,39 млн теңге.

Кроссовердің ұзындығы – 4745 мм, ені – 1892 мм, биіктігі – 1715 мм. 1,5 литрлік турбомотор 188 а.к. береді және 7 сатылы роботпен жұмыс істейді. Жетек – алдыңғы.

Жабдықтар қатарында LED оптика, алдыңғы орындықтарды жылыту және желдету, артқы камера, климат-бақылау, панорамалық люк, сымсыз қуаттау бар. Exclusive нұсқасында 360° камера, автотұрақ жүйесі, «соқыр аймақтарды» бақылау және артқы орындықтарды жылыту, желдету әрі массаж функциялары ұсынылады.

BAIC BJ30 және BJ30e

BJ30 – рамалы жол талғамайтын көлік емес, бірақ BJ сериясының өкілі. Оның бағасы 14,89 млн теңге. 1,5 литрлік турбомоторы 188 а.к. береді, 7 сатылы роботпен жұмыс істейді және алдыңғы жетекке ие.

Модельде алдыңғы орындықтардың электр реттелуі, жылыту және желдету, панорамалық люк, қауіпсіздік жүйелері, ауа ионизациясы және басқа да функциялар бар.

Сонымен қатар BJ30e гибриді ұсынылады. Оның 1,5 литрлік қозғалтқышы екі электрмоторымен бірге жұмыс істейді. Жалпы қуаты – 409 а.к., 685 Нм. Бағасы жабдықталуына қарай 15,09 млн және 17,59 млн теңге. Гибрид толық жетекпен жабдықталған.

BAIC BJ40 Pro

BJ40 Pro – толыққанды рамалы жол талғамайтын көлік. Қазақстанда бір ғана жинақтамамен 19,49 млн теңгеге сатылады.

Өлшемдері – 4790×1940×1895 мм. Көлік 2 литрлік, 254 а.к. турбомотормен және 8 сатылы ZF автоматты беріліс қорабымен жабдықталған. Жетегі – толық, төмендеткіш беріліс пен дифференциалдарды бұғаттау жүйесі бар.

Жабдықтары арасында 540° шолу жүйесі, жолдағы және жолсыз жердегі жүргізуші көмекшілері, орындықтарды жылыту, желдету және массаж, панорамалық шатыр, көп сатылы ауа сүзгісі бар климат-бақылау қарастырылған.

BAIC BJ60

BJ60 – брендтің флагмандық рамалы жол талғамайтын көлігі. Қазақстанда оның бағасы 24,39 млн теңге болатын бір жинақтамасы ұсынылады. Модель Tank 500-ге бәсекелес ретінде қарастырылады.

Көлік ұзындығы – 5040 мм, ені – 1955 мм, биіктігі – 1925 мм. 2 литрлік турбомоторы 266 а.к. береді. 48 вольтты стартер-генератор мен 8 сатылы автомат жұмыс істейді.

Жабдықтары қатарында 360° шолу, жол және жолсыз жерге арналған көмекші жүйелер, алдыңғы әйнекке ақпарат шығару, орындықтарды жылыту, белсенді шу басу, 12 динамикті аудиожүйе, көп аймақты климат-бақылау және ауа тазарту жүйесі бар.

BJ60 толық жетекті, төмендеткіш берілісі және әртүрлі жол жабындарына бейімделетін 9 қозғалыс режимі бар.

Барлық жаңа модель Қазақстанда сатуға қажетті ОТТС құжаттарын алған. Автокөліктерді Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауыты құрастырады. Allur компаниясының әлеуметтік желілеріндегі ақпаратқа қарағанда, алғашқы көліктер дилерлік орталықтарға түсе бастаған.

Айта кететін жайт, бірден он қытайлық бренд Ресейден кетуді жоспарлаған. Оның ішінде аталған компания да бар.  

Сондай-ақ оқыңыз