Алматыда автобуста төбелес шығарып, пышақ ала жүгіргендер ұсталды

Алматыда жолаушылар автобуста төбелес шығарып, пышақтасуға дейін барды. Төбелестің видеосы желіде тарап, қызу талқыланып жатыр, деп жазады Kursiv.Media .
Бейнежазбада алғашында екі ер адамның ерегесіп, әлденеге келіспей тұрғанын байқауға болады. Кейін бірі екіншісін ұрып, ар жағынан үшінші жігіт пышағын ала жүгіреді.
Олардың төбелесі айналасындағы жолаушылардың да зәресін ұшырған. Балалар жылап, салонның іші у-шу болады. Жолаушылардың бірі төбелескендерді автобустан түсіріп жіберген соң ғана жағдай тынышталған.
Оқиға Түрксіб ауданында болған. Полиция төбелеске қатысқандарды ұстағанын мәлімдеді.
«Аталған жағдай бойынша Түрксіб ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Жанжалға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мұндай агрессивті әрі қоғамға қауіпті әрекеттерге жол берілмейді. Кінәлілер заңға сәйкес жазаланады», – деп жазылған полиция хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Қостанайда 100 долларға «ұр-тоқпақ» болып жүрген адам сотталды