Өзбек АЭС-і қаншалықты қауіпсіз: қазақ экологтары Ташкентке тексеруге барды

Қазақстан экологтары Өзбекстанға барып, көрші елде салынып жатқан Атом электр станциясының (АЭС) қаншалықты қауіпсіз екенін тексерді. Қазақ делегациясын экология вице-министрі Мансұр Ошурбаев бастап барды.
21 тамызда «ӨзАтом» агенттігінің Ташкенттегі кеңсесінде Қазақстан делегациясы Өзбекстан үкіметінің мүшелерімен келіссөз жүргізді. Жергілікті агенттік өкілдері атом станциясы жобасының қалай жүзеге асып жатқаны туралы мәлімет берді. Тараптар АЭС-тің қоршаған ортаға тигізер әсеріне мән берді.
«ӨзАтом» мәліметінше, Қазақстан жағы Өзбекстанның энергетика, экология және төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдеріне сұрақ қойып, қосымша мәліметтер алды.
«Қазақстан аймақта атом энергетикасын тұрақты әрі қауіпсіз дамытуға мүдделі. Тәжірибе алмасу, кірістің ашықтығы, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыс жүргізу Орталық Азия халықтары мен көршілес екі елдің мүддесіне сай», – дейді қазақ вице-министрі.

Өзбекстан алғашқы АЭС құрылысын Жизақ облысы аумағында жүргізіп жатыр. Оны «Росатом» салып береді.
Апта басында Өзбекстан президент ел аумағында тағы бір АЭС салынатынын мәлімдеген.