Мемлекеттік баспана бөлу тәртібі өзгерді: кімдерге басымдық беріледі

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Тұрғын үй бөлу тәртібінде не өзгереді / Фото: shutterstock

Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру ережелеріне маңызды өзгерістер енгізілді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің жаңа бұйрығына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе әкімдік жалдаған баспаналарды бөлуде, сондай-ақ жеңілдетілген ипотека сұраныстарын қабылдауда нақты квота бекітілді.

Жетім балалардың жағдайы ескеріледі

Жаңа тәртіп бойынша жалпы баспана көлемінің кемінде 20 пайызы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.

Ал баспананың кемінде 50 пайызы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердегі жауынгерлік әрекеттердің ардагерлері, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жесірлер, көпбалалы аналар мен отбасылар, сондай-ақ мүгедектігі бар отбасы мүшелері бар азаматтарға үлестіріледі.

Бұл санаттардағы өтініш берушілер азайса немесе талаптарға сай келмесе, қалған баспана «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» немесе бірыңғай республикалық базада кезекте тұрған өзге де азаматтарға бөлінеді.

Табыс деңгейі ескеріледі

Бұдан бөлек, баспана алуға үміткерлердің табыс деңгейіне қатысты талаптар нақтыланды. Оған сәйкес отбасының әр мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс көлемі отбасы құрамына байланысты есептеледі: үш және одан да көп адамы бар отбасылар үшін күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінен, екі адамнан тұратын отбасылар үшін 3,5 еселенген мөлшерінен, ал жалғыз басты азаматтар үшін 5,5 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс (немесе табысының мүлдем болмауы ескеріледі).

Сондай-ақ тұрғын үй берілген кезде азаматтар мен олардың отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында алған еңбек және кәсіпкерлік қызметтен тапқан кірістері ғана есепке алынады.

Отбасы банкінің жүйесі арқылы берілетін жеңілдетілген ипотекалық займдар бойынша да 20 пайыздық және 50 пайыздық квоталар қолданылады және бұл процесті автоматтандырылған ақпараттық жүйе өзі жүзеге асырады.

Жылдық 2 пайыздық жеңілдетілген ипотеканы алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы еңбек немесе кәсіпкерлік табысы 5 күнкөріс деңгейінен аспауы қажет.

Ал жылдық 5 және 7 пайыздық ипотекалық зайымдарға елімізде ресми еңбек немесе кәсіпкерлік табысы бар, кезекте тұрған азаматтар қатыса алады. Бұл бұйрық ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Айта кетейік, тұрғын үйлерді «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары аясында аясында әкімдіктер салады, ал Baspana Market порталы арқылы бөлінеді.

Сондай-ақ оқыңыз