Үкімет қызметінен кетеді: Бектенов кабинеті несімен есте қалды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Үкімет отырысы / фото: Үкімет баспасөз орталығынан

Құрылтай сайланды, енді Үкімет құрамы қызметін доғаратын сәт жақындады. Олжас Бектенов басқарған екі жарым жылда ел алапат су тасқынын, жаңа Салық кодексін, АЭС референдумын, екі таңбалы инфляцияны және ауқымды кадрлық ауыс-түйістерді бастан өткерді. Бектенов кабинеті несімен есте қалды және оның тұсында Үкімет қаншалықты өзгерді? Kursiv Media атқарушы биліктің екі жылдан астам қызметін талдап көрді.

Олжас Бектенов 2024 жылғы 6 ақпанда Қазақстанның Премьер-министрі болып тағайындалды. Жаңа Үкіметке экономиканы жандандыру, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, инвестиция тарту және қордаланған инфрақұрылым мәселелерін шешу міндеті жүктелді. Бектенов алғашқы отырыстардан-ақ министрлерден нақты нәтиже талап етіп, артық бюрократия мен созбалаңға жол бермеу керегін айтты. Осылайша оның Үкіметі экономикалық реформалар мен ірі мемлекеттік жобаларды жеделдетуге бағыт алды.

Үкіметтің орташа жасы

Бектенов Үкіметі құрылған кезде, 2024 жылғы есеп бойынша, оның орташа жасы шамамен 50,4 жас болған.

Ал қазіргі Үкімет құрамындағы 25 адамның туған жылдарын есептегенде, орташа жас шамамен 52 жас екенін көреміз. Яғни кадрлық ауыс-түйістерге қарамастан, министрлер кабинеті жалпы алғанда жасарған жоқ, керісінше бастапқы құраммен салыстырғанда шамамен 1,5-2 жасқа «егде тартқан».

Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазіргі құрамда ең жас министр – 1984 жылы туған Ербол Мырзабосынов, ал ең үлкені – 1961 жылы туған Ерлан Нысанбаев. Қазіргі Үкімет құрамында 25 адам бар.

01

Бектенов Үкімет басына келді

2024 жылғы ақпанда жаңа Үкімет құрылды. Бектенов келгенде Ұлттық экономика, Қаржы, ТЖ және Денсаулық сақтау министрлері ауысты. Алғашқы тапсырмаларының бірі бюджеттегі тиімсіз шығындарды қысқарту, жаңа Салық кодексін қайта қарау, мемлекеттік сатып алуды өзгерту және экономиканы әртараптандыру болды.

02

Елді алапат су тасқыны басты

2024 жылғы көктем. Алапат су тасқыны. Бұл Бектенов Үкіметі тап болған алғашқы ірі дағдарыс болды. Наурыз-мамырда Қазақстанның бірнеше өңірін су басты, ондаған мың адам эвакуацияланды. Үкімет кейін тұрғын үй салу, үйлер сатып алу және өтемақы төлеу бағдарламасын жүргізді. 2024 жылғы қыркүйекке қарай зардап шеккендерге 5 767 үй сатып алынып беріліп, 2 576 жаңа үй салынған.

03

Қазақстан АЭС салуға дауыс берді

2024 жылғы 6 қазан – АЭС бойынша референдум. Қазақстан тарихындағы аса маңызды энергетикалық шешімдердің бірі қабылданды. Дауыс бергендердің 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдады, қатысу деңгейі 63,66% болды. Осыдан кейін Үкімет атом энергетикасы жобасын практикалық іске асыру кезеңіне көшті.

04

Энергетика мен жылу желілерін жаңғырту басталды

2024 жылдың соңы – энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту басталды. Желілер мен ЖЭО-лардың тозуын азайту үшін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. 2025-2029 жылдары оған шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту көзделген.

05

Жаңа Салық кодексі қабылданды

2025 жыл – ең үлкен экономикалық реформалардың бірі, жаңа Салық кодексі. Құжатқа 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойылды және 2026 жылғы 1 қаңтардан күшіне енді. Базалық ҚҚС 12%-дан 16%-ға көтерілді, ҚҚС бойынша тіркелу шегі төмендеді, ЖТС-тың прогрессивті шкаласы енгізілді, арнайы салық режимдері қысқарды.

06

Қазақстан экономикасы: ЖІӨ мен инфляция

2025 жыл – экономика 6,5%-ға өсті. Бұл Бектенов Үкіметі кезіндегі әзірге ең жоғары жылдық өсім. Өсімге өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда негізгі үлес қосты. Бірақ инфляция да жоғары болып, 2025 жылдың қорытындысында 12,3% деңгейінде қалыптасты. Яғни Үкіметтің негізгі проблемаларының бірі — жоғары өсім мен баға тұрақтылығын қатар қамтамасыз ету болды.

Бектенов Үкіметі тұсында инфляция қайтадан екі таңбалы деңгейге көтерілді. Бағаның өсуі, әсіресе азық-түлік, ақылы қызметтер мен коммуналдық тарифтерден қатты сезілді. 2025 жылдың соңында жылдық инфляция 12,3%-ға жетіп, халықтың нақты табысы мен сатып алу қабілетіне қысым күшейді. Ал шілде айында инфляция 10.2%-ға төмендеді. Десе де экономиканың жоғары қарқынмен өсуіне қарамастан, қымбатшылық Үкімет үшін ең күрделі мәселелердің біріне айналды.

07

Қазақстан жаңа Конституция қабылдады

2026 жылғы 15 наурыз – жаңа Конституция қабылданды. Референдумға қатысқандардың 87,15%-ы жаңа Конституцияны қолдады. Ол 2026 жылғы 1 шілдеден күшіне енді. Ең ірі өзгерістердің арасында екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу, Вице-президент институтын енгізу және саяси жүйені қайта құру бар.

08

Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтті

2026 жылғы 23 тамыз – Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтті. Жаңа Конституция бойынша 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай сайланды. Бұл Бектенов Үкіметі жұмыс істеген кезеңдегі ең ірі саяси институционалдық өзгерістің қорытынды кезеңдерінің бірі. ОСК кеше, 24 тамызда, алдын ала нәтижелерді жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз