40 күнде рәсімдеуге болады: шетелде Қазақстан паспортын алу тәртібі өзгереді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген қазақстандықтарға паспорт рәсімдеу тәртібі өзгереді. Кейбір елдердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінде құжатты 40 жұмыс күні ішінде алуға болса, енді бірінде күту мерзімі 90 күнтізбелік күнге дейін созылады.

Жаңа ережелер 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Аталған өзгерістер Сыртқы істер министрінің 17 тамыздағы бұйрығымен енгізілді.

Шетелде паспортты кімдер рәсімдей алады

Шетелде уақытша жүрген барлық азамат елшілік немесе консулдық арқылы төлқұжат рәсімдей алмайды. Жаңа ережеде мұндай қызметті ала алатын 11 санат көрсетілген.

Оларға:

  • Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратындар;
  • шетелдік оқу орындарында білім алып жүргендер;
  • еңбек шарты бойынша шетелде жұмыс істейтіндер;
  • Қазақстаннан тыс жерде туған кәмелетке толмағандар;
  • шетелде жұмыс істейтін немесе оқитын отбасы мүшесімен бірге тұратындар;
  • шетел азаматының отбасы мүшелері;
  • дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің отбасы мүшелері;
  • жасына байланысты өзіне өзі қызмет көрсете алмайтындар;
  • денсаулығында тұрақты бұзылыстары бар адамдар;
  • тұрақты күтімді қажет ететін жақын туысына қарайтындар;
  • шетелде ұсталған, қамауға алынған немесе жазасын өтеп жатқан азаматтар жатады.

Ал шетелге тек турист ретінде барған Қазақстан азаматтары бұл тізімде жеке санат ретінде көрсетілмеген.

Паспортты рәсімдеу мерзімі неге әртүрлі

Паспортты рәсімдеу мерзімі елшілік немесе консулдықтың цифрлық жүйеге қосылған-қосылмағанына байланысты болады.

  • цифрлық жүйеге қосылған болса – 40 жұмыс күніне дейін;
  • жүйеге қосылмаған болса – 90 күнтізбелік күнге дейін.

Сондықтан құжат тапсырар алдында нақты мерзімді консулдықтан алдын ала анықтап алған жөн.

Құжатта қате болса не болады

Құжаттарда қате немесе кемшілік анықталса, оны түзетуге уақыт беріледі. Бұл кезең паспортты рәсімдеудің жалпы мерзіміне есептелмейді.

Қателер түзетілгеннен кейін рәсімдеу мерзімі қайта жалғасады. Ал белгіленген уақытта кемшіліктер жойылмаса, өтінішті қабылдаудан бас тартылуы мүмкін.

Дайын төлқұжатты қалай алуға болады

Дайын паспорт шетелдегі тиісті елшілікке немесе консулдыққа жіберіледі. Құжат келгеннен кейін бес күнтізбелік күн ішінде азаматқа оның дайын болғаны туралы хабарланады. Паспортты тек өзі барып алуға болады. Бала үшін құжатты оның заңды өкілі ала алады.

Сондай-ақ оқыңыз