Жаңа Зеландия жасөспірімдерге әлеуметтік желіні қолдануға шектеу қоймақ

Жаңа Зеландия үкіметі жасөспірімдерге әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салмақ. Қазір осындай заң жобасын ұсынып жатыр деп жазады Reuters.
Құжат қабылданса, әлеуметтік желі платформалары қолданушылардың жасын тексеруге міндетті болады. TikTok немесе Meta адамның жасын бет-әлпеті арқылы бағалайтын технологиялар немесе цифрлық құжаттар арқылы аккаунтты тексеріп шығуы керек. Сондай-ақ платформалар жасөспірімдерге қандай қауіп төнуі мүмкін екенін бағалап, оны азайту үшін шара қабылдап, соңында Жаңа Зеландия үкіметіне есеп беріп отыруға тиіс.
Шектеу TikTok, Instagram, Snapchat және Facebook сияқты платформаларға қатысты болуы мүмкін. Алайда балалар үшін «жоғары тәуекелді» деп саналатын платформалардың нақты тізімі әзірге белгіленген жоқ. Бұл талаптарды орындамаған жағдайда әлеуметтік желі компанияларына айыппұл салынады. Балалардың өзіне, ата-анасына немесе қамқоршыларына жаза қарастырылмаған.
Жаңа Зеландия премьер-министрі Кристофер Лаксонның айтуынша, әлеуметтік желілер балаларды зиянды контентке тәуелді етіп, олар дайын емес қысымға ұшыратып отыр. Үкімет дерегінше, Жаңа Зеландияда 13-17 жастағы әрбір үшінші жас әлеуметтік желіде күніне кемінде бес сағат өткізеді.
Алайда заң жобасының қабылдануы әзірге белгісіз. Оған биліктегі кей партиялар қарсы. Олар әлеуметтік желіге тыйым салудан жаңа мәселелер туындауы мүмкін деп есептейді.
Жаңа Зеландия жасөспірімдерді әлеуметтік желіден қорғауға тырысқан сегізінші ел болды. Алғаш болып Аустралия осы жылы қыста толық тыйым салған еді. Артынша Франция, Ұлыбритания, Грекия және Канада үкіметі де осындай заң жобасын қарастыра бастады. Түркия үкіметі заң қабылдады. Әзербайжанда әзірге талқылау өтіп жатыр.