Биылғы жылыту маусымына дайын емес өңірлер белгілі болды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Жылыту маусымына дайын емес өңірлер
Жылыту маусымына дайын емес өңірлер / фото:  shutterstock

Бірқатар өңірде жылыту желісін жөндеу мерзімдерінің кешігу қаупі бар. Мәселен, осындай тәуекелдер Көкшетау, Теміртау, Жезқазған қалаларында орын алып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Прмеьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Жылыту маусымының басталуына шамамен бір ай уақыт қалды. Солтүстік өңірлерде дайындық жұмыстарын аяқтау мерзімі бұдан да шектеулі. Сондықтан жөндеу науқанын уақытылы аяқтау үшін жұмыс қарқынын арттыру қажет.

«Бірнеше өңірде жөндеу мерзімдерінің кешігу қаупі бар. Мұндай тәуекелдер Көкшетау, Теміртау, Жезқазған қалаларында орын алып отыр. Сондай-ақ Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жылу желілерін жөндеу баяу жүріп жатыр.

Энергетика нысандарын қысқы кезеңге дайындауға жауапты өңірлік штабтардың жұмысына назар аударамын. Жылыту маусымына дайындық барысына бұлай салғырт қарауға болмайды», – деді Бектенов.

Сонымен бірге премьер-министр биылдың өзінде энергия нысандарын жөндеуге және жаңғыртуға 851 млрд теңге көзделгеннін атап өтті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 60 пайызға артық.

Бұған дейін Олжас Бектенов 1 қыркүйекке дейін отын қорын әзірлеуге тапсырма берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз