Алдағы үш жылда Ұлттық қордан аса маңызды нысандар үшін қосымша 5 трлн теңге алынбақ

Жарияланды 25 Тамыз 2026 11:58

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock

2024-2025 жылдары бюджет тапшылығын Ұлттық қордағы қаржымен жапқан үкімет, ондағы қаржы орталанып бара жатқан соң, 2026 жылы қордан алатын ақшаны екі есе (2,7 трлн теңге) қысқартқан еді. (Қордан 2024 жылы – 5,6 трлн, ал 2025 жылы 5,3 трлн теңге алынған.)

Алайда республикалық бюджет шығыны жыл сайын өсіп отырғандықтан, ел билігінің шыдамы бір жылға ғана жеткен сыңайлы. Себебі 2027-2029 жылдарға арналған болжамға сәйкес, Ұлттық қордан кепілдендірілген қаржыдан бөлек, ірі инфрақұрылымдық жобаларға нысаналы трансферт бөлінбек.

Бюджет туралы заңда кепілді трансферт көлеміне шектеу болғанымен, мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында, Президенттің тапсырмасына сәйкес, ірі жобаларға қосымша қаржы алуға рұқсат етілген.

Премьер-министр – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, алдағы екі жылда кепілдендірілген трансферт ретінде 2,4 трлн теңге бөлінсе, 2029 жылы қордан 2 трлн теңге алынады.

Одан бөлек, «аса маңызды» нысандар мен ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 2027 жылы – 2 трлн теңге және 2028-2029 жылдары әр жылға 1,5 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған.

Болжамға сәйкес, 2027-2029 жылдары Ұлттық қорға жыл сайын 5 трлн теңгеден аса қаражат түсіп отыруы тиіс. Нәтижесінде 2029 жылы 70,6 млрд АҚШ долларына дейін өседі деген болжам бар.

Қазақстанның қаржы «қауіпсіздік жастығы – Ұлттық қордың әр көрсеткіші ел экономикасының айнасы іспетті. 2026 жылдың 6 айында елдегі мұнай өндірісінің азаюы мемлекеттік резервті айналып өтпегенін көрсетті. 1 шілдедегі жағдай бойынша қорда жинақталған жалпы қаражат көлемі 37,2 трлн теңгеге жетті.

Сондай-ақ оқыңыз