Ерлан Ақкенженов Алматыдағы блэкаут Қырғызстаннан басталғанын айтты

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Алматыдағы блэкаут
Алматыдағы блэкауттың себебі / фото: Серикжан Ковланбаев

14 тамызда Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары жарықсыз қалғаны белгілі. Арнайы комиссия қазіргі уақытта жарықтың өшуінің нақты себептерін анықтап жатыр.

Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Аккенженов Үкіметте өткен брифингте Орталық Азияның энергожүйесіндегі ақау Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-інің екі энергоблогының ажырауынан басталғанын айтты.

14 тамызда жаппай жарық өшуінен кейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мемлекеттік комиссия құрылды.

«Комиссия алдын ала қорытындыларды пысықтады. Қазір біз комиссияның толыққанды тұжырым жасауына қажетті кейбір ұсақ-түйек мәліметтерді нақтылап жатырмыз, олар жақын арада жұртшылыққа ұсынылады. Қазір бір нәрсе анық – Орталық Азияның бірыңғай аймағындағы қуат көзінің өшуі шынымен де Тоқтоғұл ГЭС-інің екі энергоблогының ажырауынан басталды. Алматыдағы жарықтың неге өшкені туралы алдағы уақытта комиссия өз тұжырымдарын жасап, көпшілік назарына ұсынады», – деді Ерлан Ақкенженов үкіметте өткен брифингте.

Оның айтуынша, қырғыз тарапы 14 тамызда Тоқтоғұл ГЭС-інде энергоблоктардың ажырағанын жоққа шығармайды.

Бұған дейін KEGOC компаниясы Тоқтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың ажырауы «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзитіне шамадан тыс жүктеме түсіріп Орталық Азияның энергожүйелерінен бөлініп кетуіне әкеп соқтырғанын мәлімдеген еді.

Алайда Қырғызстан бұл ақауды Алматыдағы блэкауттың тікелей себебі деп мойындаған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз