Geely лазерлік сенсор ақауына байланысты 93 мыңға жуық көлігін кері қайтарады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Orbis Auto

Geely Қытайда лидарлардағы ақауға байланысты 93 мыңға жуық көлігін кері қайтарып алатынын жариялады. Кері қайтару науқанына Lynk & Co және Geely Galaxy модельдері кірді, деп хабарлайды Kursiv.media.

Ақау лидарларға қатысты

Carnewschina басылымының мәліметінше, кері қайтарылатын көліктердің басым бөлігі – 2025 жылғы 8 қаңтар мен 12 желтоқсан аралығында шығарылған 74 мың Lynk & Co көлігі. Олардың қатарында Lynk & Co 900, 10 EM-P, 07 және 08 модельдері бар.

Ақауға лидардың ішіндегі қуат беру микросхемасының істен шығуы себеп болуы мүмкін. Белгілі бір жағдайларда бұл ақау нысандарды дұрыс танымауға, ескерту сигналдарының берілуіне немесе жүргізушіге көмектесетін жүйелердің жұмысына әсер етуі ықтимал. Geely ақаулы лидарларды (көліктің айналасындағы нысандарды анықтайтын лазерлік сенсор) тегін ауыстырады.

Тағы 18,9 мың көлік Geely Galaxy M9 моделіне тиесілі. Осылайша, кері қайтару науқаны жалпы 92,9 мың автокөлікті қамтиды.

Қазақстандағы Lynk & Co көліктері кері қайтару тізіміне енбеді

Қазақстандағы жағдай әзірге басқаша. Елімізде Lynk & Co 03, 08 және 09 модельдері ресми түрде ұсынылғанымен, аталған жинақтамаларда лидар қолданылмайды.

Ал Қытайдағы кері қайтару науқанына лидармен жабдықталған Lynk & Co 08 нұсқасы енген. Сондықтан Қытайдағы бұл кері қайтару науқанын Қазақстанда сатылатын көліктерге тікелей қатысты деп айтуға әзірге негіз жоқ.

Тағы да оқыңыз: Таксист Geely Emgrand-тың 20 мың шақырымнан кейінгі жағдайын көрсетті

Сондай-ақ оқыңыз