Адамзат өсімін тоқтатты, әрі қарай халық саны құлдырап азаяды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Биыл әлемдегі туу деңгейі алғаш рет халықтың ұдайы өсу деңгейінен төмен түсуі мүмкін.

Пенсильвания университетінің профессоры Хесус Фернандес-Вильяверде мен Солтүстік-Батыс университетінің профессоры Патрик Норрик жазған «Terra Incognita: Қысқарып бара жатқан әлем экономикасы» атты жаңа зерттеу жыл сайынғы экономикалық шолу үшін дайындалып, осы айда жарияланды.

«Бұрын-соңды тарихта болмаған»

Зерттеу авторлары мынадай қорытындыға келген:

«2026 жылға қарай әлемдегі туу деңгейі халықтың ұдайы өсуіне қажетті деңгейден төмен түсуі ықтимал. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Соғыстар кезінде де, пандемиялар кезінде де».

Әдетте, халықтың ұдайы өсу деңгейі бір әйелге шаққанда 2,1 бала деп есептеледі. Бұл көрсеткіш балалар өлімі төмен дамыған елдерге тән. Ал авторлар кедей елдердегі өлім-жітім деңгейінің жоғары екенін ескере отырып, бұл межені 2,20 балаға жақынырақ деп көрсетеді.

Халық саны «жылдам» азая бастайды

Қазіргі таңда әлемдегі туу деңгейі шамамен осы көрсеткішке тең. БҰҰ-ның негізгі болжамына сәйкес, бұл межеден тек жиырма жылдан кейін төмендеу күтілген еді.

Егер Фернандес-Вильяверде мен Норриктің болжамы дұрыс болса, әлем халқы шамамен 2056 жылы 9 миллиард адамға жетіп, ең жоғары шегіне көтеріледі. Одан кейін халық саны «алдымен баяу, кейін жылдам» қарқынмен азая бастайды.

БҰҰ-ның орташа сценарийіне сәйкес, әлем халқы 2080-жылдардың ортасына қарай шамамен 10,3 миллиард адамға дейін өседі. Яғни бұл екі болжамның арасында 30 жыл және 1,3 миллиард адам айырмашылық бар.

Бұл үрдіс Қазақстанда да байқалып отыр. Халық ақырындап қартайып жатыр. 2050 жылы әрбір алтыншы адам 60 жастан аспақ.

Сондай-ақ оқыңыз