Жүкті әйелдер декреттік төлемге онлайн өтініш бере алады

Енді жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Яғни әлеуметтік төлемге өтініш беру үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ, смартфон арқылы қашықтан рәсімдеуге болады. Ол үшін Kaspi.kz қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөліміне кіріп, қажетті өтінішті толтыру жеткілікті. Электронды өтінішті eGov.kz арқылы беру мүмкіндігі де сақталады.
Бұған дейін әйелдер әлеуметтік төлемді алу үшін құжаттарымен ХҚКО-ға жеке баруы керек еді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаевтың айтуынша, жаңа қызмет азаматтардың мемлекеттік мекемелерге баруын барынша азайту үшін іске қосылды.
«Біздің стратегиялық мақсатымыз – азаматтарды қағазбастылықтан және мемлекеттік органдарға бару қажеттілігінен барынша босату. Бұл, әсіресе, жүкті әйелдер мен жас аналар үшін маңызды», – деді ол.
Жаңа сервис толық іске қосылған, жұмыс істеп тұр.
Оқи отырыңыз: Құрсақ нарығы: Қазақстанда суррогат ана қызметі қанша тұрады