Қазақстандық оқушы әлемдегі үздік бес жас бағдарламашының бірі атанды

Астаналық оқушы Максим Цой информатикадан халықаралық IOI 2026 олимпиадасында әлемдік жеке есепте бесінші орынға ие болды. Ол жарыста алтын медаль жеңіп алып, әлемдегі үздік бес жас бағдарламашының қатарына енді.
Биыл олимпиада Ташкентте өтті. Оған 92 елден 375 оқушы қатысты. Қазақстан құрамасының төрт мүшесі де жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте 10-орынға тұрақтады.
Максим Цой – Астанадағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы. Ол Қазақстан құрамасының ең жоғары нәтижесін көрсетіп, әлемдік жеке есепте 5-орын иеленді. Осылайша ол әлемдегі үздік бес жас бағдарламашының қатарына енді.
Күміс медальді Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Алдияр Сейтбай, Қызылорда облысындағы осы лицейдің оқушысы Мансұр Мамадахунов және Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы Асқар Әкежан иеленді.
Қазақстан құрамасына Astana IT University бас жаттықтырушысы Темірлан Сатылханов пен International University of Information Technology аға оқытушысы Айбек Қуанышбай жетекшілік етті.
Министрлік дерегінше, информатикадан халықаралық олимпиадаға қатысқан жылдар ішінде Қазақстан құрамасы жалпы 79 медаль жеңіп алған.
IOI 2026 қорытындысымен елге оралған жас бағдарламашыларды Астана әуежайында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері, ата-аналары, ұстаздары мен достары қарсы алды.
Оқи отырыңыз: Астаналық 16 жастағы оқушы 4 айда SAT емтиханынан ең жоғары нәтиже көрсетті