
Қазақстан биылғы мұнай өндіру жоспарын 96 млн тоннаға дейін төмендетті. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған шабуылдардың салдарынан мұнай өндірісіндегі жоғалту шамамен 3,5 млн тоннаға жеткен.
Бұл жыл басындағы жоспардан айтарлықтай төмен. Бұған дейін 2026 жылы Қазақстанда мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 101,5 млн тоннаға дейін жетеді деп есептелген. Маусым айында Ақкенженов Теңіздегі өндірістік іркілістер мен КҚК инфрақұрылымына шабуылдардан кейін жоспардың 96 млн тоннаға дейін төмендегенін айтқан.
Кейін Қашағандағы күрделі жөндеуді 2027 жылға ауыстыру есебінен шамамен қосымша 2 млн тонна өндіру мүмкіндігі пайда болып, министрлік жылдық болжамды 98 млн тоннаға көтерген еді. Шілдеде Үкімет те 2026 жылға арналған жоспар ретінде 98 млн тоннаны көрсеткен.
Болжам тағы да төмендеді
Енді болжам қайтадан 96 млн тоннаға түсіп отыр. Бұл бастапқы 101,5 млн тонналық межеден 5,5 млн тоннаға аз.
Қазақстан үшін басты тәуекелдің бірі – мұнай экспортының КҚК-ға қатты тәуелді болуы. 2025 жылы Қазақстан 78,7 млн тонна мұнай экспорттаса, оның 64,8 млн тоннасы КҚК арқылы өткен. Яғни экспорттың 80%-дан астамы осы бағытқа тиесілі.
Өндіріс жыл басынан бері де былтырғы деңгейден қалып келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан 45,7 млн тонна мұнай өндірді. Ал жеті ай қорытындысында көрсеткіш 53,2 млн тоннаға жеткенімен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің небәрі 91,1%-ына тең.
Мұнай өндірісіне Теңіздегі проблемалар да әсер етті. Кейін кен орнындағы өндіріс қайта қалпына келіп, шілдеде тәуліктік өндіру шамамен 120 мың тоннаға жетті. ТШО 2026 жылдың қорытындысында Теңізден 40 млн тоннаға дейін мұнай өндіруді жоспарлап отыр.
Ал алдағы айларда тағы бір уақытша төмендеу болуы мүмкін. Қарашығанақта жоспарлы жөндеу қыркүйектің ортасында басталады. Энергетика министрінің бағалауынша, оның салдарынан өндіріс тағы 400–450 мың тоннаға азаюы ықтимал.
Салыстыру үшін, 2025 жылы Қазақстан 99,6 млн тоннаға жуық мұнай өндірген. Демек, жаңа 96 млн тонналық жоспар орындалған күннің өзінде биылғы өндіріс былтырғы рекордтық деңгейден төмен болады
Айта кетейік, мұнайшылар жеті айда бюджетке 4,3 трлн теңге салық төледі.