Алғашқы бестікте Toyota: қай көліктер 400 мың шақырым жүре алады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: springhilltoyota.com

iSeeCars зерттеуі 400 мың шақырымнан астам жол жүре алатын модельдерді анықтады. Рейтингтің алғашқы бес орынына жапон маркасының көліктері жайғасты.

Toyota үздік бестіктің бәрін иеленді

Зерттеу барысында iSeeCars мамандары АҚШ-тағы 402 млн көлікке қатысты деректерді талдаған. Әр модель бойынша оның 250 мың мильге (402 мың шақырым) жету ықтималдығы есептелді. Барлық көліктер бойынша орташа көрсеткіш 8,6% болды.

Ал Toyota бұл рейтингте айтарлықтай озып шықты. Үздік бестіктің барлығына жапон маркасының көліктері енді.

ОрынМодель402 мың км-ге жету ықтималдығы
1Toyota Tundra36,6%
2Toyota Sequoia36,4%
3Toyota 4Runner26,8%
4Toyota Tacoma26,7%
5Toyota Highlander Hybrid25,9%

Рейтинг көшін Toyota Tundra бастады: бұл модельдің 400 мың шақырым жүріп өту ықтималдығы 36,6% деп бағаланған. Sequoia моделінің көрсеткіші де соған жақын – 36,4%. Одан кейін 4Runner, Tacoma және гибридті Highlander орналасқан. Олардың көрсеткіштері тиісінше 26,8%, 26,7% және 25,9% болды.

Toyota көрсеткіші орташа деңгейден екі есе жоғары

Бір қызығы, мұндай жоғары нәтиже жекелеген модельдерге ғана тән емес. Toyota маркасының барлық модельдерін алғанда, олардың 400 мың шақырымға жету ықтималдығы 17% болған. Бұл зерттеуге енген барлық көліктердің орташа көрсеткішінен шамамен екі есе жоғары.

Брендтер арасында екінші орынды Honda иеленді – 13,6%. Сонымен қатар ұзақ қызмет ететін ең үздік он модельдің қатарына Toyota-ның тағы екі көлігі – сегізінші орынға орналасқан Avalon және Lexus GX енді. Осылайша, топ-10 рейтингіндегі он көліктің жетеуі Toyota немесе Lexus маркаларына тиесілі.

Алайда бұл көрсеткіштерді көліктің нақты ресурсына берілген кепілдік ретінде қабылдамаған жөн. Зерттеу автомобильдің осындай жүріске жету ықтималдығын ғана көрсетеді. Есеп АҚШ жолдарындағы көліктер туралы нақты деректер негізінде жасалған. Яғни 400 мың шақырым – өндіруші уәде еткен көрсеткіш емес, статистикалық нәтиже.

Қазақстанға бұл қаншалықты қатысты?

Бұл рейтинг Қазақстан үшін де қызық. Toyota көліктері елімізде бұрыннан сұранысқа ие, оның ішінде жаңа автомобильдермен қатар, екінші нарықта да жапон маркасының көліктері көп кездеседі. Сондықтан қазақстандық жүргізушілер үшін жоғары жүріс көрсеткіші таңсық емес.

Америкалық рейтингке енген модельдердің көбі Қазақстандағы автокөлік жүргізушілеріне де жақсы таныс. Tundra, Sequoia, 4Runner, Tacoma және Highlander еліміздің жолдарында кездеседі. Сондықтан 400 мың шақырымдық көрсеткіш қазақстандықтар үшін де түсінікті әрі қызықты.

Тағы да оқыңыз: Toyota, ВАЗ және Hyundai – отандық автопаркте қай маркалар басым

Сондай-ақ оқыңыз