Декретте отырған әйел пәтерін есірткі қоймасына айналдырған

Астанада полиция есірткі заттарын сақтап, әрі қарай таратумен айналысты деген күдікке ілінген екі әйелді ұстады. Олар пәтерді жалға алып, есірткі қоймасына айналдырған.
Полиция мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында 35 жастағы декреттік демалыста жүрген әйел анықталған. Ол 27 жастағы танысымен бірге әрекет еткен.
Әйелдер пәтерден курьерлерге беруге дайындалған орамдарды алып шығып бара жатқан кезде ұсталған. Біреуінің сөмкесін тексергенде марихуана, гашиш майы және каннабис шайырына ұқсас заттар салынған пластик пробиркалар мен полиэтилен пакеттері табылған. Пәтерді тінту кезінде де осындай екі келі есірткі заттары анықталып, тәркіленді.
Қазір күдіктілер ұсталып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция қылмыстық схемаға қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды анықтамақшы.
Құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымы ауыр қылмыс екенін және мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
Оқи отырыңыз: Астанада интернет-дүкен арқылы есірткі сатқандар 17 жылға сотталды