Алматыда көпқабатты үйден өрт шығып, 127 адам эвакуацияланды

Алматының Бостандық ауданындағы 16 қабатты тұрғын үйдің 9-қабатында пәтер өртенді. 127 адам эвакуацияланды және құтқарылды деп хабарлайды ТЖМ.
Оқиға Абай даңғылы бойындағы үйде болған. Пәтерде жиһаз жанған. Құтқарушылар келген кезде ғимараттың кіреберісін қою түтін басып қалған.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындарды эвакуациялауға кірісіп, оқиға орнында жедел штаб құрды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды.
Нәтижесінде 42 адам баспалдақ арқылы эвакуацияланды. Тағы 85 адам, оның ішінде төрт бала, арнайы құтқару қалпақтарының көмегімен құтқарылды.
Өрт қысқа уақытта сөндірілді. ТЖМ мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер туралы 112 қызметіне ақпарат түспеген.
Оқи отырыңыз: Алматыда тұрғын үйдегі өрттен бір қыз қаза тауып, төрт адам ауруханаға түсті