Ипотекаға 228 мың өтініш берілген: халық баспана мен көлікті кредитке алып жатыр

Ұлттық банк несие нарығының ІІ тоқсандағы жағдайын саралаған сауалнама нәтижесін ұсынды. Зерттеуге 21 екінші деңгейлі банк қатысты. Нарық өкілдері халық пен бизнестің несиеге деген сұранысы артқанын айтқан.
Ипотека мен автонесиеге деген қызығушылық жоғары
Халық арасында тұрғын үй мен көлік сатып алуға өтініш білдіргендер көбейген. Бір тоқсанда ипотекаға берілген өтініш 19 пайызға өсіп, 228 мыңға жетті.
Орташа несие мөлшері 5 пайызға көбейіп, 21,5 млн теңгені құрады. Бұл өсімге мемлекеттік бағдарламалар мен банктердің жаңа өнімдері әсер етті.
«Ипотекалық қарыздарға сұраныстың артуы осы сегменттегі ірі банктің мемлекеттік ипотекалық несиелеу бағдарламасы мен өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын белсенді іске асыруымен байланысты», – делінген банк шолуында.
Автонесиеге өтініш беру 20 пайызға артып, 1,5 млнға жуықтады. Мұндағы орташа несие сомасы 7 миллион теңге болып, керісінше 3 пайызға төмендеді. Өтініштердің 18 пайызы ғана мақұлданды.
Тұтынушылық несие нарығы қалай өзгерді?
Кепілсіз тұтынушылық несие алуға 15,9 млн өтініш түсіп, бұрынғы деңгейде қалған. Дегенмен, сұралған соманың орташа көлемі 10 пайызға өсіп, 1 млн 62 мың теңгеге жетті.
Оған жалақы жобалары мен қайта құрылымдау бағдарламалары түрткі болды. Кепілді тұтынушылық несиеге өтініш саны 18 пайызға азайып, 85 мыңды құрады.
Бірақ мұндағы орташа несие көлемі бірден 27 пайызға өсіп, 17,7 млн теңгені құрады. Бұл бағыттағы өтініштердің 31 пайызы мақұлданған.
Шағын бизнестің несиеге деген сұранысы жоғары
Ірі және орта бизнес тарапынан қаржыландыруға сұраныс байқалды. Орта бизнес өкілдерінен түскен өтініштер 4 пайызға өсіп, 5,3 мыңға жетті. Мақұлдау үлесі 39 пайызды құрады.
Ірі бизнестен түскен өтініштер саны 1 пайызға азайып, 235-ті құрады. Сұралған орташа сома 11,5 млрд теңгеге дейін азайғанымен, мақұлдау көрсеткіші 65 пайызға дейін көтерілді. Шағын бизнес 904 мың өтініш беріп, оның 33 пайызы мақұлданды.
Үшінші тоқсаннан не күтуге болады?
Банктер алдағы уақытта ипотека мен автонесиеге сұраныс ары қарай өседі деп болжайды. Кепілді тұтынушылық несиеге деген қызығушылық өзгеріссіз сақталады.
Ал кепілсіз несие алуға өтініш беру көрсеткіші бәсеңдеуі мүмкін. Корпоративтік секторда ірі бизнес тарапынан белсенділік артады деген болжам бар.
Қазақстан экономикасына берілген кредит көлемі 53,2 трлн теңгеге жетті. Оның 28 трлн теңгегесі – халықтың алған қарызы.