Түркістан облысындағы білім сапасы мәз емес – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Тамыз конференциясында ҰБТ нәтижелері мен өңірлердегі білім беру сапасына тоқталды.
Айтуынша, елдегі білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажет.
«Мәселен, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдайды жақсы деп айту қиын», – деді президент.
Тоқаев тиісті министрлік пен әкімдік Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек екенін айтты.
«PISA 2022 жылғы зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсетті. Бұл – аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар бар деген сөз. Бірақ облыстағы жағдайды дағдарыс деп те айтуға болмайды.
Мәселе облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұратындығында. Олардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Қажетті инфрақұрылымды салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн», – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдіктерге осы саланы ретке келтіру бойынша жедел міндет қойды.
«Жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет», – деді ол.