Мектепте конституция, заң мен тәртіп негіздері не үшін оқытылады

Биылғы оқу жылында мектеп бағдарламасына «Құқық негіздері» пәні, «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп негіздері» курстары енгізіледі. Президент оның мәнін түсіндірді.
Тоқаев заңды сақтайтын, конституцияны сыйлайтын жастардың болашағы жарқын болатынын, мақсат сондай жастарды қалыптастыру екенін атап өтті.
«Заңға немқұрайлы қарайтын, заң ережелерін бұзып жүрген жастар қылмыстық жазасын алып, өміріне балта шабуда. Өкінішке қарай бұл қарапайым ақиқатты көптеген жас азаматтар білмейді, түсінбейді. Біздің міндетіміз оларға өмірдің осы шындығын түсіндіру, айту», – деді ол тамыз конференциясында.
Сондай-ақ президент өскелең ұрпақты табиғатқа қамқор болуға тәрбиелеу қажеттігіне тоқталды. Мектептер мен ЖОО-ларға экологиялық ағарту саласының бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі жөнінде айтқанын, үкімет жұмысты жыл соңына дейін аяқтауға тиістігін атап өтті.
Бұған дейін президент жиында білім саласындағы аты бар, заты жоқ реформаларды тоқтатуды тапсырған.