Президент фаст-фуд тағамдардың агрессивті жарнамасына алаңдаушылық білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары тағамдардың, соның ішінде фаст-фудтың жарнамасына қатысты мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды.
Мемлекет басшысы балалардың денсаулығына әсер ететін факторларға назар аударып, фаст-фудтың кеңінен жарнамалануына алаңдаушылық білдірді.
Президент не деді
Тоқаевтың айтуынша, тез дайындалатын тағамдардың кеңінен насихатталуы зиянды тамақтану әдеттерінің қалыптасуына әсер етуі мүмкін. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттырып, еңбек әлеуетіне де кері әсерін тигізеді.
«Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді», – деді президент.
Мемлекет басшысы балалар арасында қант диабеті мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында 7 мыңға жуық бала бар. Бұл көрсеткіштің төмендеп отырғаны байқалмайды.
Үкімет мәселені зерттеуі керек
Президент бірқатар елдерде құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына шектеу қойылатынын атап өтті.
Сонымен қатар Тоқаев мәселенің күрделі екенін, оның медициналық қана емес, басқа да қырлары бар екенін айтты.
«Бұл өте күрделі мәселе. Түрлі шетін тұстары, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар. Дегенмен Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, қазіргі кезде жылдам тамақтану индустриясы әлемдік экономиканың ең ірі әрі тұрақты секторларының біріне айналды. Сарапшылардың болжамынша, АҚШ-тың фастфуд нарығы 2025 жылғы 374,8 млрд доллардан 2026 жылы 390,1 млрд долларға дейін өседі.