«Мұрны мен құлағынан қан атқылап жатты»: Ұлдананың әріптесі оқиға туралы айтты

Ұлдана Мырзуанға тұрғын үйдің қасбеті құлаған кезде оның жанында болған фельдшер Ділназ Байзақова сотқа келіп, оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді.
«Басында ол жерде не құлағанын түсінбей тұрдық. Жерде кірпіш жатты. Адамдарға көмектескіміз келді. Олардың бірін көтергіміз келді. Сол сәтте үстімізге кірпіш құлады. Мен құлап түстім. Тұрып, Ұлданаға қарадым. Ол етбетінен жатыр екен. Оны көтердім. Мұрны мен құлағынан қан атқылап жатты», – дейді Ділназ Байзақова.
Бұған дейін жәбірленушілердің бірі Гүлнәр Қалиева Ұлдана Мырзуанның басына кондиционер емес, темір құлағанын айтты.
Айта кетейік, қайғылы оқиға Астанадағы Тәуелсіздік көшесі, 24Б мекенжайында орналасқан үйде болған. Екі нысанның арасында тұрғындар жаяу жүріп өтетін жол болған. 2025 жылдың 8 қарашасында үш адам осы жермен өтіп бара жатқанда, кірпіш құлаған. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігімен Ұлдана Мырзуан мен Ділназ Байзақова барған.
Кірпіш үйдің опырылған қасбеті қазір пенопласпен қапталып тұр. Тұрғындардың айтуынша, тоғыз ай бойы ғимаратта ешқандай жөндеу жұмысы жүргізілмеген.