Кеңес Рақышевтің компаниясы 10 млн доллар қарыз тартпақ

Жарияланды 26 Тамыз 2026 17:33

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Қазақстандың кәсіпкер Кеңес Рақышев / фото: Forbes

Қазақстандық инвесторлар үшін доллармен табыс табудың тағы бір құралы пайда болды. Кеңес Рақышевке тиесілі Fincraft Group KASE-де $10 млн көлеміндегі, жылдық 11% купоны бар облигациясын саудаға шығарды.

26 тамыздан бастап Қазақстан қор биржасында Fincraft Group-тың жаңа долларлық облигацияларымен сауда басталды. Бір қағаздың номиналдық құны – $100, айналым мерзімі – 360 күн. Купон инвесторларға жарты жыл сайын төленеді.

Шығарылымның жалпы көлемі $10 млн. Купондық мөлшерлеме — жылдық 11%. Алайда бұл инвестордың нақты кірістілігі дәл 11% болады деген сөз емес: нарықтағы нақты табыстылық облигацияның KASE-де қандай бағамен сатып алынатынына байланысты қалыптасады.

Fincraft Group — кәсіпкер Кеңес Рақышевтің холдингі. Миллионер Fincraft Group компаниясының топ-менеджеріне 2025 жылы 17,4 млн теңге төлеген. Компания бұған дейін де KASE-де доллармен облигациялар шығарған. Оның NCOMb13 және NCOMb7 қағаздарының купоны да 11% деңгейінде болған.

Жаңа облигацияның ерекшелігі — мерзімі қысқа. Қағаз шамамен бір жылдан кейін өтеледі, сондықтан ол ұзақмерзімді облигацияларға қарағанда пайыздық тәуекелі төменірек құрал ретінде қарастырылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз