Непалда зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ

Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытай шекарасы ауданында болған су тасқыны салдарынан зардап шеккендер мен хабар-ошарсыз кеткендер арасында ел азаматтарының жоқ екенін хабарлады.
Бұл туралы сыртқы саяси ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді,
«Қазіргі сәтке сәйкес, Непал мен Қытай шекарасындағы су тасқыны салдарынан зардап шеккендер мен хабар-ошарсыз кеткендер арасында Қазақстан азаматтары тіркелмеген. Жағдай ҚР СІМ бақылауында», – деді Үсенов.
Бұған дейін қазақстандық дипломаттар табиғи апаттан кейін хабар-ошарсыз кеткен туристердің арасында отандастарымыздың бар-жоғы туралы ақпаратты тексере бастаған.
Еске салсақ, 21 тамызда кенеттен болған су тасқыны Непал мен Қытай шекарасына жақын маңда көшкін жүруіне себеп болды.
Непал билігі бұған дейін кемінде 400 турист, соның ішінде шетелдіктер хабар-ошарсыз кеткендер қатарында тұрғанын хабарлаған еді. Непал полициясының мәліметінше, су тасқыны мен одан туындаған көшкіндер салдарынан кемінде 17 адам қаза тапты.