Непалдағы су тасқынынан 150 адам қайтыс болып, жүздегені жоғалды

Непалдың Қытаймен шекаралас таулы Расува ауданында болған су тасқынынан кемінде 157 адам қаза тапты. Тағы 384 адам хабар-ошарсыз кеткен.
Непалдың Туризм министрлігінің мәліметінше, олардың ішінде Германия, Испания, Нидерланд, АҚШ, Аустралия және Ұлыбритания азаматтары бар. Жоғалған туристердің басым бөлігі Үндістан азаматтары екені де хабарланды. Сондай-ақ 26 полиция қызметкері де із-түссіз кеткен.
Су тасқыны Бхоте-Коси өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен болған. Өзен Тибеттен басталып, Непал аумағы арқылы ағады. Табиғи апаттан өзен маңындағы Тимуре мен Сьяпрубеси елді мекендері қатты зардап шекті. Тасқын су базарлар мен тұрғын үйлерді басып, полиция бөлімшелері мен гидроэнергетикалық нысандарға зақым келтірген. Бірқатар көпір мен жол қираған.
Апаттың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Мамандар су тасқынына мұздық көлінің жарылуы себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Қазір аймақта іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Непал премьер-министрі Балендра Шах операцияға армия мен қауіпсіздік күштерін тартуды тапсырды. Қызыл Крест ұйымы да ауданға гуманитарлық көмек жіберді.
Бұған дейін Колумбияда қуатты зілзала болғанын жазған едік. 7,4 балдық жер дүмпуі Колумбияның батысындағы аудандарды қиратты. Кали, Перейра секілді ірі қалалар қатты зардап шекті. Зілзаладан 280 адам қаза тапты.