Facebook пен Instagram жасөспірімдер үшін өзгереді: Meta 18 млрд доллар төлейді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Фото: facebook.com

Meta компаниясы балалар мен жасөспірімдерге зиян келтірді деген айып бойынша АҚШ штаттарымен сот дауын реттеу үшін шамамен 18 млрд доллар төлеуге келісті.
Бұл туралы CNN хабарлады.

АҚШ-тың 29 штатының бас прокурорлары Meta компаниясын әлеуметтік желілерді балаларды ұзақ уақыт ұстап тұратындай етіп әдейі жасаған деп айыптаған. Олардың пікірінше, лентаны шексіз айналдыру, алгоритмдік ұсыныстар мен жиі жіберілетін хабарламалар жасөспірімдерді платформада көбірек уақыт өткізуге ынталандырады.

Сонымен қатар компания әлеуметтік желілердің балаларға төндіретін қаупін жасырды, ата-анасының келісімінсіз 13 жасқа толмаған балалардың деректерін жинады деп айыптады. Meta бұған дейін бұл айыптауларды жоққа шығарып келген.

Енді келісім аясында Meta Facebook пен Instagram-да бірқатар өзгеріс енгізуге міндеттелді. Енді жасөспімдер Facebook пен Instagram-ды күніне екі сағаттан артық пайдалана алмауы мүмкін, ал түнгі уақытта қолдануға шектеу қойылады. Ата-ана бақылауын күшейтуді де жоспарлап отыр. Сонымен қатар пайдаланушылардың жасын тексерудің жаңа тәсілдері енгізіледі. Дегенмен өзін толық кінәлімін деп мойындаған жоқ. 

Бұған дейін платформалар «қолданушы өзі жауапты» деген ұстанымға көбірек сүйенсе, енді олардың алгоритмдері мен функцияларына да талап қойылып жатыр. Бұл басқа әлеуметтік желілерге де әсер етуі мүмкін. АҚШ-та TikTok, YouTube және Snapchat-қа қатысты да осындай талаптар қойылуы ықтимал деп жазады басылым.

Компания өтемақының 70%-ын алдағы 10 жыл ішінде төлейтінін мәлімдеді. Қалған 30%-ы YouTube пен TikTok платформалары да өтемақы беріп, олар да өзгеріс енгізуге келіскен жағдайда ғана төленеді.

Сондай-ақ оқыңыз