«Ұмай» ипотекасы 31 тамыздан басталады: пайызы қанша

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media архиві

«Ұмай» ипотекасына өтініш қабылдау 31 тамыздан басталады. Бұл туралы Отбасы банк хабарлайды.

«Бағдарлама ESG қағидаттарын ескере отырып әзірленген және Қазақстандағы әйелдердің тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама аясында бастапқы жарна төмендетілген, басқа жылжымайтын мүліктің болуына шектеу қойылмайды. Тұрғын үйді Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға болады және тіркелген мекенжайға қойылатын талап жоқ», – делінген хабарламада.

«Ұмай» бағдарламасын «Азия даму банкі» қаржыландырып отыр. Қаржы кезең-кезеңімен аударылады, әзірге «Отбасы банкке» 9 млрд теңге көлеміндегі алғашқы транш бөлінген.

Бағдарлама аясында сатып алуға 50 млн теңгеге дейін, ал баспананы жөндеуге 15 млн теңгеге дейін несие беріледі.

«Ұмайға» қатысу үшін отбасының орташа айлық таза табысы 1 250 000 теңгеден аспауы керек. Төлем қабілетін растау үшін соңғы 6 айдағы ресми кіріс есепке алынады.

Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 14,8%. Несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3% бен 16,8% аралығын құрайды.

Өтінімді үйден шықпай-ақ, Otbasybank.kz сайтындағы «Бейнеқызмет» сервисі немесе Baspana Market маркетплейсі арқылы беруге болады. Онда онлайн-операторлар құжаттарды қабылдап, толық кеңес береді.

Бастапқы жарна сатушыға тікелей аударылады

Үй аларда бастапқы жарна сатушыға тікелей аударылады. Баспана Астана мен Алматыда орналасса, бастапқы жарна кемінде 20%-ды құрайды. Басқа өңірлерде бұл көрсеткіш 15%-дан басталады.

Қалған соманы Отбасы банк қаржыландырады. Мұнда баспананың келісімшарт бағасы мен бағалау құнының қайсысы төмен болса, несие сомасы соған қарап есептеледі.

Мысалы, Алматыдағы пәтер 32 млн теңгеге сатылып, бағалаушы оны 30 млн теңге деп бағаласа, несие 30 млн теңгеге негізделеді. Банк 24 млн теңге (80%) береді, ал қалған 6 млн теңгені (20%) сатып алушы өзі төлейді.

Қандай баспана алуға болады?

Бағдарлама аясында жаңадан пайдалануға берілген немесе құрылысы жүріп жатқан баспаналарды алуға болады. Құрылысы аяқталмаған үйлер Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігімен немесе сақтандыру арқылы сатылады.

Ал қайталама нарықтан 2016 жылдан бері салынған үйлерді таңдауға рұқсат етіледі. Бастапқы баспаналар тек Baspana Market платформасы арқылы таңдалады.

Сатып алынған мүлік әйелдің атына жазылады, ал некеде болса, ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі саналады. Бағдарламаға қоса қарыз алушыларды да тартуға болады.

Банк «Ұмай» бағдарламасы бойынша алдын ала қарыз ұсынады. Депозитте үй құнының 50%-ы жиналғанша, ай сайынғы төлем несие пайызды өтеуге және депозитті толықтыруға жұмсалады.

Жинақталған қаражатқа банктің 2% сыйақысы мен 200 АЕК-ке дейінгі сомаға 20% мемлекеттік сыйлықақы қосылады.

Депозитте бұрыннан жинақ болса, мақсатқа жету де жылдамдайды. Жинақ мерзімі 3 жылға жетіп, бағалау көрсеткіші 16-ға көтерілгенде, несие мөлшерлемесі 5%-ға дейін төмендейді. Бұл ай сайынғы төлемді азайтып, артық төлемді едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жалпы «Ұмай» бағдарламасы арқылы 45 млрд теңге ипотека берілмек.

Сондай-ақ оқыңыз