«Ұлдана!» деп айғайлады»: фельдшерді үйіндіден алып шыққан әйел сотқа келді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фельдшер Ұлдана Мырзуан
Сот тікелей эфирде көрсетіліп жатыр/фото: threads.com/@zeineladilet

Астанада Ұлдана Мырзуанға оқиға орнына көмекке барған фельдшер Ақтамақ Сыздықова сотқа қатысып жатыр.

Сөзінше, үйдің қасбеті құлаған маңда кісі қарасы көп болған. Жәбірленушілер сол маңда отырған.

«Бір уақытта Ділназ Байзақова (жәбірленуші) «Ұлдана, Ұлдана» деп айғайлай бастады. Мен жүгіріп бардым. Ділназ Ұлдананы көтеріп жатыр екен. Ұлдана етбетінен жатты. Ділназға көмектестім. Құлағы мен мұрнынан қан атқылап жатты. Шашының арасынан да қан ағып жатты. Кірпіштен шыққан шаң басып қалыпты. Үстіне не құлағанын білмеймін, көрмедім. Мен қолтығынан, Ділназ аяғынан ұстап алып шықтық», – дейді Ақтамақ Сыздықова.

Сөзінше, сол уақытта Ұлдана Мырзуан есінен танып қалған, жағдайы ауыр болған.

«Басынан аққан қанды тоқтату үшін бірден бинт орап тастадым», – дейді әйел. 

Бұған дейін Мырзуанға тұрғын үйдің қасбеті құлаған кезде оның жанында болған фельдшер Ділназ Байзақова сотқа келіп, оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді.

«Басында ол жерде не құлағанын түсінбей тұрдық. Жерде кірпіш жатты. Адамдарға көмектескіміз келді. Олардың бірін көтергіміз келді. Сол сәтте үстімізге кірпіш құлады. Мен құлап түстім. Тұрып, Ұлданаға қарадым. Ол етбетінен жатыр екен. Оны көтердім. Мұрны мен құлағынан қан атқылап жатты», – дейді Ділназ Байзақова.

Ал жәбірленушілердің бірі Гүлнәр Қалиева Ұлдана Мырзуанның басына кондиционер емес, темір құлағанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз