Жаңаөзен мектептерінің ас мәзіріне шұбат қосылды

Жаңа оқу жылынан бастап Жаңаөзен қаласындағы 25 мектептің оқушыларына шұбат беріледі. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау мектептерінің ас мәзіріне шұбатты енгізу бастамасын облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай көтерген. Жоба, ең алдымен, балалардың денсаулығын нығайтып, олардың табиғи әрі сапалы өнім тұтынуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Құнарлы сусынның құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В тобының дәрумендері және ағзаға қажетті өзге де пайдалы заттар бар.
Жоба жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен жүзеге асып отыр. 26 тамызда Жаңаөзен қаласында «Нар-Бота» шұбат құю цехының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шұбат өнімін шығаратын зауыттың жалпы аумағы 300 шаршы метр. Өндіріс алаңы жылына 400 тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Кәсіпорында түйе сүтін қабылдау және өңдеу, шұбат дайындау, өнімді құю және сақтау процестері жолға қойылған.
Жаңа өндірістің іске қосылуы жергілікті түйе шаруашылығы қожалықтары үшін де жаңа мүмкіндік ашып, олардың өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыруға жол береді.