Депозиттегі ақшаның сыйақысына 5% салық салынады деген ақпарат – жалған

Қазақстандықтардың депозиттегі ақшасына түскен сыйақыға салық салынбайды. Банктегі депозитте жинақталған қаржыға 5 пайыз салық есептеледі деген ақпарат – жалған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлайды.
Өйткені заң бойынша жеке тұлғалардың депозиттеріне түсетін сыйақыға жеке табыс салығы салынбайды. Бұл ереже Салық кодексінің 430-бабында жазылған.
«ҚР Үкіметі бұл норманын күшін жою және депозиттер бойынша сыйақыларға салық енгізу мәселесін қарастырып жатқан жоқ», – делінген хабарламада.
Халықтың депозитте жинаған ақшасы бір жылда 4,5 трлн теңгеге өсіп, 24 трлн теңгеге жетті.
Халықтың жинаған ақшасының 96%-ға жуығы негізгі он ірі қаржы институтында шоғырланған. Halyk Bank пен Kaspi Bank көш басында тұр. Halyk Bank-тегі депозиттерде жеке тұлғалардың 7,9 трлн теңгесі жинақталса, Kaspi Bank-тегі шоттарда 7,3 трлн теңге жатыр.