Кезекте тұрғандар жалдамалы тұрғын үйді өздері таңдай алады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстанда ауылдық елдімекендерде жалға берілетін тұрғын үйді ұсыну тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 31 тамыздан бастап тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар өз ауданының аумағынан қолайлы баспананы өздері таңдап, оны алуға өтінім бере алады.

Бұл мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар салған немесе сатып алған тұрғын үйлерге қатысты.

«Жаңа тетік бойынша алғашқы өтінімдер 2026 жылғы 1-7 қыркүйек аралығында baspana.otbasybank.kz порталы арқылы қабылданады. Өтінімді тиісті ауданда тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бере алады», – делінген ақпаратта.

Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін Отбасы банк тұрғын үй алушылардың тізімін қалыптастырады. Баспананы бөлу кезінде кезекке қойылған күні, отбасының соңғы алты айдағы табыс деңгейі мен құрамы, сондай-ақ өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесі ескеріледі.

Мемлекеттік тұрғын үйдің кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, кемінде 50%-ы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі.

Тағы бір өзгеріс 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Үйдің немесе пәтердің бөлме санын айқындау кезінде отбасы құрамы ескеріледі. Атап айтқанда, ерлі-зайыптыларға, ата-аналарға, сондай-ақ әртүрлі жыныстағы балаларға жеке бөлме беру талаптары қарастырылған.

Бұл тәртіп тұрақты негізде қолданылады.

Айта кететін жайт, «Ұмай» ипотекасына өтініш қабылдау 31 тамыздан басталады.

Сондай-ақ оқыңыз