Қазақстандағы ең бай кәсіпкер Вячеслав Ким Jusan Mobile компаниясын иеленді

Жарияланды 27 Тамыз 2026 15:57

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Ким Есеновтің тағы бір компаниясын сатып алды / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстандағы ең бай кәсіпкер Вячеслав Ким Jusan Mobile компаниясының толық иесі атанды. Бұл туралы e-gov дерегіне сүйене отырып «Ручная экономика» телеграм-арнасы хабарлайды.

Ким бұған дейін Ғалымжан Есеновке тиесілі болған JV Holding компаниясын өз иелігіне өткізген. E-gov мәліметтеріне сәйкес, мекеме 2026 жылдың 26 тамызында қайта тіркеуден өткен.

Осылайша, JV Holding бақылауындағы Jusan Mobile телекоммуникациялық компаниясы да Кимнің меншігіне өтті. Байланыс қызметтерін ұсынатын бұл кәсіпорын ел аумағында интернет, деректер тарату арналары және спутниктік технологиялар саласында жұмыс істейді.

Forbes тізімінде 19-орында тұрған Ғалымжан Есенов Jusan Mobile активін 2023 жылы Jusan Bank-пен бірге Jusan Technologies компаниясынан қайтарып алған болатын.

Арада бір жыл салып, ол АХҚО өңірінде JV холдингін тіркеп, компанияны соның басқаруына берген еді.

Қаржы көрсеткіштеріне сүйенсек, 2025 жылы Jusan Mobile 20,2 млрд теңге түсім тауып, 1,2 млрд теңге таза пайда тапты. Былтыр Есеновке 1,2 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеген.

Вячеслав Ким Есеновтің активтерін былтырдан бері біртіндеп сатып алып келеді. Ол бұған дейін Jusan Bank-ті (қазіргі Alatau City Bank) және банк қосымшасындағы маркетплейс қызметін ұсынған компанияны өз иелігіне өткізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз