Сирия президенті елде алғаш рет Visa картасымен төлем жасады

Сирия президенті Ахмед аш-Шараа 26 тамыз күні Ескі Дамаскідегі мекемелердің бірінде Visa картасымен есеп айырысты. Транзакция елдің Орталық банкінің басшысы Мұхаммед Сафват Расланның қатысуымен жүргізілді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Сирия билігі жариялаған кадрларда президент кофе үшін төлем жасау кезінде банктік картаны төлем терминалына тигізеді. Бұға қоса, 15 жылдан астам уақыт бойы Сирияда мұндай халықаралық транзакцияларды жүргізу мүмкін болмағаны атап өтілген.
Visa компаниясы бейсенбі, 27 тамызда Сирияда халықаралық карта операциясының сәтті сыналғанын растады. Visa тестілік операцияны ливандық «Франсабанкпен» және сириялық «Паймера» төлем қызметтерінің операторымен бірлесіп жүргізді.
Visa хабарлауынша, халықаралық операциялардың іске қосылуы шетел азаматтарына Сирияда банктік карталарды пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ цифрлық төлемдердің дамуына және елдің жаһандық экономикаға интеграциялануына ықпал етеді.
63-ші Дамаск халықаралық жәрмеңкесінің ашылуында сөйлеген сөзінде Ахмед аш-Шараа санкциялар жойылғаннан кейін Сирия қайта қалпына келтіру мен дамудың жаңа кезеңіне өтетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Дамаск елге Шығыс пен Батыс арасындағы сауда дәлізі және экономикалық байланыстырушы буын рөлін қайтаруды жоспарлап отыр.
Бұл оқиға АҚШ Мемлекеттік департаментінің Сирияны 1979 жылдан бері болған терроризм демеушісі мемлекеттер тізімінен шығару туралы шешімінен кейін болды. Шешім АҚШ Конгресінде 45 күндік қарау мерзімі аяқталғаннан кейін дүйсенбіде күшіне енді.
Америкалық қаржы мекемелеріне енді сириялық клиенттерге қызмет көрсетуге, ел банктерінің қатысуымен операциялар жүргізуге және олармен корреспонденттік қатынастар орнатуға рұқсат етілді.