Непалда су тасқынынан қаза тапқандар саны 469 адамға жетті

Жарияланды (жаңартылды )
Business news бөлімінің журналисі
Непалда су тасқынынан қаза тапқандар саны 469 адамға жетті
Фото: Narendra Shrestha / EPA / ТАСС

Непалдағы жойқын су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 469 адамға жетті. Тағы 800 тұрғын із-түзсіз жоғалғандар тізімінде тұр. Бұл туралы Annapurna Post басылымы хабарлады.

Көршілес Тибетте кемінде үш адам қаза тауып, 550-ден астам адаммен байланыс үзілген. Жоғалғандардың басым бөлігін шетелдік туристер құрап отыр.

Апат аймағында іздеу-құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен өңірлерді аралап жүрген Непал Премьер-министрі Балендра Шах құтқару жұмыстарына 13 мыңнан астам әскер, қарулы полиция мен ұлттық полиция қызметкерлері тартылғанын мәлімдеді.

Тұрғындар үшін уақытша баспаналар ұйымдастырылып, зардап шеккендерге тегін медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Қайта су басу қаупі сақталып тұр

Билік өкілдері елде қайта су тасу қаупі бар екенін ескертті. Құлаған тастар мен мұз өзенді бөгеп тастағандықтан, пайда болған екі көл арнасы тасуы мүмкін. Бұл жағдай 1 қыркүйекке қарай орын алуы мүмкін.

Еске сала кетейік, 26 тамызда Непал мен Тибет шекарасында жойқын су тасқыны болды. Тасқын Бхотекоши мен Тришули өзендерінің алқабындағы елдімекендердегі үйлерді, жолдар мен көпірлерді қиратты.

Бұған дейін Қазақстан СІМ Непалда із-түзсіз жоғалғандардың арасында отандасымыз бар екенін хабарлаған болатын.

Алдын ала мәлімет бойынша, ол Непалдан Қытайға шекара асқан туристік топтың құрамында болған.

Сондай-ақ оқыңыз