БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі өз миссиясын атқара алмай отыр – Тоқаев

Құрылтайдың алғашқы сессиясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі халықаралық жағдайға тоқталып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаһандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету миссиясын толық атқара алмай отырғанын айтты.
Президенттің пікірінше, бүгінде әлемдегі жағдай күрделеніп, мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түскен.
«Мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне зардабын тигізуде. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, қалыптасқан жағдайда өңірлік халықаралық ұйымдардың рөлі артып, әлемдік аренада «орта державалар» деп аталатын мемлекеттер алға шықты. Президент Қазақстанды да осы санатқа жатқызды.
Мемлекет басшысы қазіргі әлемдегі тағы бір маңызды үдеріске – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуына назар аударды.
«Бұл үдерістің түптің түбінде қайда апарып соғатыны беймәлім, тіпті қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудырады. Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді», – деді ол.
Тоқаевтың сөзінше, тіпті таяу болашақта ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжамдар да айтылып жүр. Оның пікірінше, мұның бәрі қазіргі әлемдегі өзгерістердің күрделілігін көрсетеді және олардың салдарын келешек ұрпақ сезінуі мүмкін.