Тоқаев 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым салуды қолдады

Құрылтайдың алғашқы сессиясында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заңмен тыйым салу туралы Үкімет ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
«Біз өскелең ұрпақтың қолайлы және, ең бастысы, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Мен мұны қолдаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл бастаманы жүзеге асыру кезінде заң талаптарының іс жүзінде орындалуына ерекше мән беру керектігін атап өтті.
«Тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі қауқарсыз заң ешкімге қажет емес», – деді ол.
Сонымен қатар мемлекет басшысы энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған заң жобаларын жедел қарастыру қажеттігін айтты.
Тоқаев онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заңдарға да ерекше назар аударуға шақырды. Оның сөзінше, ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет.
Айта кетейік, Астанада ҚР бірінші шақырылымдағы Құрылтайының алғашқы сессиясы ашылды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр.