Танкерлерге шабуыл және мұнай: Қазақстан өндірісті қайта қалпына келтірді

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалында танкерлерге шикізат тиеу жанданған соң, Қазақстан мұнай өндірісін қалпына келтірді. Қазіргі уақытта шикізат өндіру тұрақты деңгейде жүріп жатыр. Бұл туралы «Интерфакс» агенттігіне Энергетика министрлігі хабарлаған.
Шілде айында КҚК теңіз терминалы маңында танкерлерге дрондар шабуыл жасады. Осы оқиғалардан кейін консорциум алдымен мұнай тиеуді, кейін жүйеге шикізат қабылдауды тоқтатты.
Салдарынан еліміздегі ірі кен орындарында мұнай өндіру көлемі жоспардан төмендеп кеткен еді.
«Теңіз – Новороссийск» бағыты бойынша мұнай тасымалдау және оны теңіз терминалы арқылы жөнелту 27 шілдеде қайта басталды.
Дегенмен, арада бірнеше күн өткенде танкерлерге жасалған кезекті шабуылдан соң КҚК жұмысты тағы да уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
Осы кезеңде Қазақстанның мұнай компаниялары 3,5 млн тонна мұнайды кем өндірді. Сарапшылардың есебіне сәйкес, мұнай өндірісінің қысқаруы салдарынан келген шығын 3,5 млн долларды құрауы мүмкін.
Осы себепті Қазақстан биыл өндірілетін мұнай жоспарын 96 млн тоннаға дейін қысқартты. Бұған дейінгі жоспар 101 млн тонна мұнай өндіруді көздеген.